«Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы ертең жартылай финалдың алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ширек финалда Ресейдің «Patriot Boxing Team» командасын екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңген «арландар» финалдық жолдаманы Ұлыбританияның «British Lionhearts» командасымен сарапқа салады. Жекпе-жек тұңғыш рет Қостанай қаласында өтеді.  Басталуы сағат – 17:00.  Өтетін орны – Спорт сарайы.

Жалпы соңғы жылдары «Астана арландары» топтық және плей-офф бәсекелерін еліміздің әр аймағында өткізіп келеді. Бұған дейін «арландарымыз» Астана мен Алматыдан бөлек, Өскемен, Атырау, Талдықорған, Тараз», Шымкент және Қарағанды қалаларында жұдырықтасып, жергілікті жанкүйерлерге керемет бокс кешін сыйласа, енді міне, жартылай финалдық жекпе-жекті Қостанай жұртшылығы тамашалағалы отыр.

         Қостанай өңірі былғары қолғап киген жігіттерге бай өңір. Бұл өлкеде аса ауыр салмақта Сеул олимпиадасының (1988) қола жүлдегері, әлем чемпионатының (1989) күміс жүлдегері, екі дүркін Еуропа чемпионатының жүлдегері Александр Мирошниченко туып өскен. Бүгінде Мирошниченконың ізбасарлары ретінде  Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко мен Астана қаласының намысын қорғап жүрген Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит және Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы Антон Пинчукті атауға болады. Яғни, өңірде боксқа деген қызығушылық өте жоғары. Сондықтан Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалдық жекпе-жегі Қостанай қаласында өтуі  бекер емес.

         Қош, сонымен ертеңгі жекпе-жекке шығатын боксшылардың жұбына жеке-жеке тоқталайық.

         Алғашқы жартылай финалда «Астана арландарына» қарсылас атанған британиялық боксшылар осы аптада Қостанайға ат басын бұрды. Бес жігітке сенім артып отырған ағылшындар ширек финалда Франция командасынан екі жекпе-жектің қорытындысы бойынша айласын асырды.

         Алғашқы жекпе-жек С1 жүйесі бойынша, яғни, боксшылар 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақ дәрежелерінде өтеді.

         Шаршы алаңға алғашқы болып шығатын боксшылардың бірі – Теміртас Жүсіпов. 49 келі салмақта «арландар» намысын қорғап жүрген Теміртасқа Кларен Макдональд қарсылас атанады. Макдональдтың жасы – 20-да. Бойы - 160 см. Теміртаспен (162 см.) шамалас. Бүкіләлемдік бокс сериясында бұған дейін жекпе-жек өткізбеген.

         56 келі салмақта еліміздің тәжірибелі боксшыларының бірі Ілияс Сүлейменовке сенім артамыз. Ілияс былтыр Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында 56 келі салмаққа ауысқан. Содан бері жаңа салмақтың тізгінін ұстаған астаналық былғары қолғап шебері WSB жобасында жүріп біраз тәжірибе жинады. Ертең ол Кристофер Буркпен қолғап түйістіреді. Ағылшын боксшысы Ілиясқа қарағанда жасы да, бойы да кіші. Нақтырақ айтсақ, жасы – 22-де, бойы – 162 см. Ертеңгі өтетін жекпе-жек оның осы маусымдағы алғашқы айқасы болмақ.

         64 келі салмақта Ділмұрат Мижитов пен Конор Лофтус шығады. Ділмұрат Бүкіләмедік бокс сериясы жобасына биыл ғана қосылса да, бас бапкердің сенімін ақтап жүр. Бұл жолы да намысты қолдан бере қоймас. Десек те, Конор Лофтус та өте тәжірибелі, тісқаққан боксшы.

         75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл мен Никита Абабий шаршы алаңға көтеріледі. Абабий – АҚШ боксшысы. Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Бек Нұрмағамбетпен ширек финалда жолығып, қазақ жігітінен 0:5 есебімен оңбай жеңілген. Ертең оған қарсылас атанатын Әбілхан Аманқұл мамыр айынының басында Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатысып, қола медаль жеңіп алды. 19 жастағы талантты боксшымыз жанкүйерлерді жерге қаратпайды деген сенімдеміз.

         Қазақстан жанкүйерлері 91 келі салмақта Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Василий Левитті асыға күтіп жүргені жасырын емес. Бірақ, Левит Астанада өтетін ҚР Президенті кубогына қатысатын болғандықтан WSB жобасына бұл жолы да шыға алмайды. Дегенмен, Левиттің орнын Антон Пинчук жоқтатпайтынына кәміл сенеміз. Оның үстіне Пинчуктің  туған жері осы Қостанай өңірі. Британиялық командадағы жаңазеландиялық легионер Давид Киран Ниикамен айқасқа түсетін Антон жергілікті жанйүйерлерді жерге қарата қоймас.