«Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы ертең ширек финалдың қарымта кездесуін өткізеді. Осыдан бір апта бұрын Ресейдің «Patriot Boxing Team» командасымен Кемеревода күш сынасқан «арландар» 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Енді жауапты кездесу Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Басталуы – 17:00-де.

Ресей боксшылары топтық бәсекеде «арландармен» бір топта болды. Және екі жекпе-жекте де «Астана арландары» қарсыластарынан басым түсті. Мәскеуде өткен алғашқы айқаста Ақүрпековтің командасы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, елімізде өткен кездесуде 4:1 есебімен басымдық таныттық. Плей-офф бәсекесінің алғашқы кездесуі де біздің пайдамызға шешілген – 3:2.

«Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков ресейлік командаға қарсы шығатын боксшылардың есімін жариялады. Айта кетерлігі, егер есеп екі айқастың қорытындысы бойынша тең болатын болса, онда жеңімпаз команда қосымша жекпе-жекте анықталады. Бүкіләлемдік бокс сериясының басшылары ширек финалдың жеребесі тартылған сәтте қосымша жекпе-жекті +91 келі салмақтағы алыптар арасында өтеді деп шешкен.

 

52 келі салмақта күш сынасатын Олжас Сәттібаев биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Әзірге тараздық тарлан топтық бәсекеде сүрінген жоқ. «Арландардың» капитаны бұл жолы ресейлік Иван Абрамовпен шығады деп күтілуде. Ресей боксшысы бұл маусымда әлі жекпе-жекке шықпаған. Сондықтан Олжасқа бұл қарсылас соншалықты қиындық тудырмас деген ойдамыз.

         Топтық бәсеке кезінде Олжас «Patriot Boxing Team» командасының осы салмақтағы мүшесі Вячеслав Ташкараковпен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткенін айта кетейік.

 

60 келі салмақта күш сынасатын Зәкір Сафиуллин биылғы маусымды өте жоғары деңгейде бастағанын бұған дейінгі жекпе-жектеінде байқаған боларсыздар. Бұл жолы Зәкір Ресейден келетін Шахриер Ахмедовтің бабын байқап көрмек. Біздің боксшы қарсыласына қарағанда әлдеқайда тәжірибелі. Ресейлік боксшы болса, бұған дейін шаршы алаңға тек бір-ақ рет шыққан.

        

         69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов пен Шахабас Махмудов биыл екінші мәрте кездескелі тұр. Естеріңізде болса, 18 наурызда Таразда өткен топтық ойында Асланбек қарсыласын 3:0 есебімен жеңген еді.

 

 «Арландардың» бас бапкері Нұрлан Сәкенұлы 81 келі салмақта Арман Рысбекке сенім артуды ұйғарыпты. Наурыз айында ресейлік боксшыларға қарсы өткен топтық сайыста да «арландар» намысын Арман қорғаған. Сол кезде Ресейдің тәжірибелі боксшыларының бірі Павел Силягинді 2:1 есебімен ұтып, өзінің мықтылығын дәлелдеген еді. Бұл жолы енді Силягинмен емес, Имам Хатаевпен қолғап түйістірмек. Хатаев – 22 жаста. Биылғы маусымда тек бір жекпе-жек қана өткізді.

 

Аса ауыр салмақтағы (+91 келі) алыптар бәсекесінде еліміздегі талантты боксшылардың бірі Дмитрий Зиско шықпақ. 20 жастағы былғары қолғап шеберінің бұл бірінші жекпе-жегі болмақ. Биылғы маусымда аса ауыр салмақтың жүгін Олжас Бұқаев пен Қамшыбек Қоңқабаев сынды алыптарымыз көтеріп келді. Осы Ресей командасымен болған топтық сайыста Қазақстан чемпионы, павлодарлық Олжас Бұқаев Магомед Омаровпен шаршы алаңға шығып, тәжірибелі қарсыласынан жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы Омаровтың орнын Артем Сисленков басты. Бұл боксшы да биылғы маусымда ешқандай жекпе-жекке шықпаған.