Ертең «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Бүкіләлемдік бокс сериясының ширек финалдық жекпе-жегін өткізеді. Топтық сайыста бірінші орынмен суырылып шыққан «арландарымыз» Ресейдің «PatriotBoxingTeam» командасына қарсылас атанғаны белгілі. Осыған байланысты бүгін Ресейдің Кемерово қаласында баспасөз мәслихаты өтіп, артынша боксшылар таразыға тұрып, салмақтарын өлшеді.

Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «Астана арландары» Ресей жерінде 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақ дәрежелерінде күш сынасады.

Ресей боксшылары топтық бәсекеде «арландармен» бір топта болды. Және екі жекпе-жекте де «Астана арландары» қарсыластарынан басым түсті. Мәскеуде өткен алғашқы айқаста Ақүрпековтің командасы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, елімізде өткен кездесуде 4:1 есебімен басымдық таныттық. Енді міне, бір-бірін жақсы танитын сыралғы қарсыластар плей-офф бәсекесінде қайта жолдары түйісті.

49 келі салмақта «арландар» намысын Теміртас Жүсіпов қорғайды. Оның салмағында ресейлік команданың атынан Батор Сагалуев шығады. Сагалуев пен Жүсіпов топтық бәсекеде күш сынасып үлгерді. Мәскеуде өткен жекпе-жекте сәл ғана басымдықпен жеңіс Ресей былғары қолғап шеберіне берілді. Енді Теміртасқа қарымта қайтаратын сәт туды.

56 келі салмақта Ілияс Сүлейменовке сенім артамыз. Ол Дмитрий Шарафутдиновке қарсы жұдырық түйістіреді. Топтық бәсекеде бұл салмақта Артем Хотенов шыққан еді. Сол кезде Ілияс ресейлік қарсыласын күмәнсіз ұтқан. Бұл жолы да жеңіс Сүлейменов жағында болады деген сенімдеміз.

64 келіде Ділмұрат Мижитов пен Алексей Мазурдың жекпе-жегін тамашалаймыз. Алексей Мазур Бүкіләлемдік бокс сериясында тек бір ғана жекпе-жек өткізген. Ділмұрат та «арландар» сапына биыл ғана қосылған боксшы. Ресеймен болған алғашқы жекпе-жек Ділмұрат үшін сәтсіз өткен. Ол Радмир Абдурахмановтан ұпай санымен ұтылды. Бұл жолы қалай болар екен?

75 келі салмақта Нұрлан Ақүрпековтың таңдауы Сапарбай Айдаровқа түсті. Сапарбай Андрей Ковальчукпен шаршы алаңға шығады. Бұл салмақта топтық бәсеке кезінде Әбілхан Аманқұл бокстасқаны баршамызға белгілі. Алайда, Аманқұл Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатысқандықтан таңдау Сапарбай Айдаровқа түскені сөзсіз. 

91 келі салмақта Антон Пинчук пен ресейлік Илья Квасников биылғы маусымда екінші рет додаға түскелі отыр. Топтық бәсеке кезінде Антон қарсыласын айызы қанғанша ұрып, айқын басымдықпен жеңген. Отандасымыз бұл жолы да намысты қолдан бермес.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана арландары» мен «PatriotBoxingTeam» командалары арасындағы жекпе-жек ертең, яғни, 11 мамырда сағат 18:00-де басталады. Жекпе-жекті «Хабар» арнасы сағат 22:30 да көрсетеді. Сондай-ақ, «Vesti.kz» спорттық порталы Кемеровадан онлайн-трансляция жүргізеді.