Бүгін «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы топтық бәсекенің биылғы маусымға жоспарланған соңғы жекпе-жегін өткізеді. Осыған дейін бес жекпе-жек өткізіп, соның төртеуінде жеңіске жеткен «арландар» кеше С тобында бірінші орынға ие болғаны белгілі болды.

Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «арландарымыздың» басты қарсыласы саналған «Өзбек Тайгерс» командасы кеше ресейлік боксшыларға есе жіберіп, топта үшінші орын алып қалды. Ресей командасы өзбек былғары қолғап шеберлерін жеңу арқылы плей-офф бәсекесіне екінші орынмен шықты. «Арландар» «қытай айдаһарларымен» өтетін бүгінгі жекпе-жекте жеңілсе де, топтан бірінші орынмен шығады. Алайда, «арландарымыз» топтық сайыстың соңғы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, жанкүйерлерін жерге қаратпайды деп сенеміз.

         Қытай боксшылары С тобында ең әлсіз ұжымдардың бірі. Осыған дейін 5 жекпе-жекке шығып, соның біреуінде ғана жеңіске жеткен Аспанасты елдің өкілдері плей-офф ойындарынан баяғыда-ақ күдер үзген. Сондықтан олар үшін де бүгінгі жекпе-жектің маңызы бола қоймас.

         «Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков Қытай жерінде Әнуар Мұзафаров (52 келі), Зәкір Сафиуллин (60 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Арман Рысбек (81 келі) және Олжас Бұқаев (+91 келі) сынды боксшыларға сенім артады. Бес жігітіміздің арасында Әнуар Мұзафаровтан басқасының барлығы биылғы маусымда кем дегенде бір жекпе-жек өткізген.  Әнуар болса, биылғы маусымда шаршы алаңға әлі шықпады. «Арландардың» қатарына 2013 жылы қосылған. Әуесқой бокста жүріп Әнуар 2014 жылы студенттер арасында әлем чемпионы атанды. 2015 жылы Қазақстан Спартакиадасында жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2016 жылы студенттер арасында өткен Азия чемпионатында күміс медальді қанжығасына байлады. Сондай-ақ, дәл осы жылы ел біріншілігінде де күміс жүлдеге қол жеткізді. Бүгін ол Қытай командасының мүшесі Чжан Гомен шайқасады. Шаршы алаң иесі де Әнуар сияқты биылғы маусымда бірде-бір жекпе-жекке шықпаған.

         60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллинге қарсы Ванг Сен жұдырықтасады. Қытай боксшысы биылғы маусымда Өзбекстан командасымен болған жекпе-жекке шығып, Муроджон Ахмадалиевтен ұтылып қалған. Ал Зәкір болса, биылғы маусымда керісінше, жеңілмеді.

         69 келі салмақта Асланбек Шымбергеновтің қарсыласы – Ху Ришабилиге. Биылғы маусымда ол бір рет шаршы алаңға көтеріліп, онысын сәтсіз аяқтаған. Жалпы Қытай боксшысы Бүкіләлемдік бокс сериясында барлығы екі жекпе-жек қана өткізіпті. Екеуінде де жеңілген. Ал Асланбек болса, әлемдік жобада біраз тәжірибе жинақтаған боксшы. Ресей мен өзбек командасымен болған жекпе-жектерде Асланбектің мерейі үстем болғанын әлі естен шығара қойған жоқпыз.

         81 келі салмақта Арман Рысбек  қытайлық Ванг Ли Дамен қолғап түйістіреді. Арманның қарсыласы да биылғы жобаға енді ғана қосылған. Тәжірибелі деп те айту қиын. Оның үстіне, қытай командасының бас бапкері Ванг Ли Дамеге осыған дейін шаршы алаңға шығуға рұқсат бермей келді. Енді ол Бүкіләлемдік бокс сериясындағы тұсаукесер жекпе-жегіне шыққалы отыр.

         Аса ауыр салмақтағы (+91 келі) алыптардың айқасында 2016 жылғы Қазақстан чемпионы, павлодарлық Олжас Бұқаевтың өнерін тамашалаймыз. Ол – Ванг Цибаомен рингке шығады. Қытай боксшысы  Бүкілемдік бокс сериясына ұзақ жылдан бері қатысып келеді. Осыған дейін бес жекпе-жек өткізіпті. Соның екеуінде жеңіске жеткен. Үш жекпе-жек қарсыласының пайдасына шешілген. Ал,  Олжас болса, Ресей командасымен өткен кездесуде Магомед Омаровпен қолғап түйістіріп, жеңіліп қалған-ды.